Мемлекеттік рәміздер туралы
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.
Мемлекеттік рәміздер - бұл кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейтін ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы ортасында сәулесi бар күн бейнеленген көгiлдiр түстi тiкбұрышты мата, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Сабында - ұлттық ою-өрнегі бар тік жолақ. Күннің, оның сәулелерінің, қыранның және ұлттық ою-өрнектің бейнесі - алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы шеңбер нысанында болады және көгiлдiр түстегi шаңырақтың бейнесiн бiлдiредi, одан күн сәулесi түрiндегi уықтар барлық жаққа таралады. Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты аттардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу орналасқан. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, мифтік аттардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының авторлары - белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұранын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылғы 6 қаңтарда ел Парламенті бекіткен болатын. Ол алғаш рет 2006 жылғы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Музыкасы - композитор Шәмші Қалдаяқов, сөздері - Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев.