БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ ЖЕТІСТІКТЕРІН МОНИТОРИНГІ (ББЖМ)-2026
Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингі (ББЖМ) — Қазақстан Республикасындағы білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі болып табылады және білім алушылардың білімдері мен дағдыларының қалыптасу деңгейін анықтауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 55-бабының 4-тармағына сәйкес, ББЖМ білім беру ұйымдарынан тәуелсіз, білім сапасын жүйелі түрде бақылау болып табылады. ББЖМ білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингін жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген.
ББЖМ-ның негізгі мақсаты — білім сапасы туралы объективті ақпарат алу, білім алушылардың дайындығындағы күшті және әлсіз жақтарын анықтау, сондай-ақ білім беру үдерісін жетілдіру.
ҚАТЫСУШЫЛАР: ББЖМ-ға 4 және 9 сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі, бастауыш сынып мұғалімдері, қазақ/орыс тілі, математика және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ 4-сынып оқушыларының ата-аналары қатысады.
БАҒАЛАУ ҚҰРАЛДАРЫ: ББЖМ компьютерлік тестілеу түрінде, қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, ББЖМ аясында білім алушыларға, мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге және 4-сынып оқушыларының ата-аналарына сауалнама жүргізіледі. Сауалнама академиялық үлгерімге әсер ететін факторларды тереңірек түсінуге көмектесетін контекстік ақпаратты жинау мақсатында жүргізіледі. Білім алушыларға арналған сауалнамада отбасы, мектептегі білім беру үдерісі, мотивация және өзін-өзі бағалау, оқу ортасы мен мектептегі ахуал туралы сұрақтар қамтылады. Директорларға арналған сауалнамаларда мектеп туралы, оқу жүктемесі, ресурстар, кадрлардың біліктілігі және мектептегі ахуал мәселелері қарастырылады.
Мұғалімдерге арналған сауалнама олардың кәсіби тәжірибесі, оқыту әдістері, біліктілікті арттыру курстары және мектеп ортасына қатысты сұрақтарды қамтиды. 4-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған сауалнамада баланың ерте дамуы мен оқуы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері, сондай-ақ білім беру үдерісіне қатысты түрлі аспектілер қарастырылады. ББЖМ аясындағы ата-аналарға арналған сауалнамаға қатысу ерікті болып табылады.
Бағалау білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін анықтауға бағытталған: ақпаратты талдау, білімді тәжірибеде қолдану, қорытынды жасау дағдылары.
Мониторинг нәтижелері білім алушылардың қорытынды бағаларына әсер -етпейді және келесі мақсаттарда қолданылады:
-оқыту сапасын талдау;
-оқу үдерісінің тиімділігін арттыру;
-білім беру нәтижелерін жақсарту бойынша шараларды әзірлеу;
-педагогтарға әдістемелік көмек көрсету.
ББЖМ — білім беру жүйесін дамытудың маңызды құралы болып табылады, ол бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға және білім алушылардың білім жетістіктерінің деңгейін арттыруға ықпал етеді.